Қарағанды облысында күн райы болжамының дәлдігі арта түседі

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында күн райына қатысты ақпарат анағұрлым дәлірек бола түседі. Бұл Жезқазған қаласында жаңа радиолокатор орнатқан соң мүмкін болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазғанда американдық радиолокатор орнатылды. Бұл өңірдегі күн райы болжамының дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің мамандары Baron Services Inc американдық компаниясының өкілдерімен бірлесіп, Жезқазғанда Доплер метеорологиялық радиолокаторын (ДМРЛ) монтаждау мен орнату жұмыстарын аяқтады», - деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Жерүсті метеожелісі деректерімен бірге радарлардан алынған ақпарат бір сағаттан бір тәулікке дейінгі кезеңге күн райы болжамдарын жасауға, болжамдарды түзетуге, ескертулерді әзірлеуге мүмкіндік береді.