Қарағанды облысында күн сайын 7-8 мың адам вакцина салдырады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алғандардың саны өсіп отыр. Бүгінгі таңда вакцинаның алғашқы компонентін 314 023 адам алды, екіншісін – 170 958 адам салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аппараттық кеңесте Мемлекет басшысының 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларының орындалуы талқыланды.

«Мемлекет басшысы коронавируспен күрес шараларын қайта қарауға шақырды. Ол пандемиямен күрес форматы өзгеріп жатқанын және көптеген елдер вирустың таралуын нөлге дейін төмендетуді мақсат етпейтінін атап өтті. Президент ауыр жағдайлар мен өлім-жітімді азайтуға, сондай-ақ күрделі науқастарды емдеуге баса назар аударуға шақырды. Иммундау ауру ағымының ауырлығын және өлім қаупін барынша төмендетеді», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың сөзіне сүйенсек, облыста вакцинация жалғасуда.

Оның айтуынша, күн сайын КВИ-ге қарсы вакцинацияны шамамен 7000-8000 адам жасайды.

«Қарағанды облысында КВИ жұқтырудың 43 291 жағдайы тіркелді. 38 229 адам сауығып кетті. Соңғы екі аптада барлық қалалар мен аудандарда ауру көрсеткішінің өскені байқалады. Бұл өңіріміздің «қызыл» аймаққа өтуіне әкелді. Дельта штамының таралуы расталды. Облыстың денсаулық сақтау жүйесі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына дайын – тиісті жұмыс жоспары қабылданды», – деп баяндады ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сенсек, өңірде КВИ бар науқастарды емдеуге арналған 6 мыңнан астам төсек-орын бар, оның 1 275-і резервте тұр.

Балаларға 375 төсек-орын ұйымдастырылды. Жүкті және босанған әйелдерге арналған аурухана бөлек ашылды.

Қазір жұқпалы аурулар ауруханаларында 2 364 медицина қызметкері жұмыс істейді. Тағы мыңнан астамы резервте.

Облыста 5 шұғыл әрекет ету бригадасы құрылды, оған инфекционистер, реаниматологтар және пульмонологтар кірді.

Стационарларда - дәрілік заттардың үш айлық қоры, емханаларда – бес айлық қоры қамтамасыз етілген. Қан орталығында антибактериалды плазма қоры құрылды.

Облыста 26 КТ аппараты жұмыс істейді. ПТР тестін он зертхана жасайды, тәулігіне 15 600-ге жуық зерттеу жүргізіледі, 20 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

Облыс әкімі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды жалғастыруды тапсырды.