Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов Қарағанды облысының Азаматтық қорғау апаттық-құтқару құрамаларының, жылжымалы басқару пунктінің және шатырлы лагерьдің дайындығын тексерді.
«Қыс-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығулары азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерінің қыс жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі әзірлігін тексеруге бағытталған. Олар екі күнге созылады. Тактикалық іс-шараға Қазақстан ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің жедел-құтқару құрамалары, апаттық-құтқару қызметтерінің құрамына кіретін 52859 әскери бөлімі қатысады.
«Оқу-жаттығу кезінде «Баршаның назарына!» бірыңғай командасы бойынша электродабыл қосу арқылы хабарландыру жүйесінің техникалық дайындығы тексерілді. Сондай-ақ далалық басқару пунктінің жұмысы көрсетілді, онда қажетті байланыс түрлерімен жабдықталған штабтық шатыр, медициналық қамтамасыз ету, тамақтану, жылыту және психологиялық көмек пункттері ашылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, құтқарушылар жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомашиналар базасындағы жылжымалы байланыс тораптарының мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ, апаттық-техникалық құрылымдардың дайындық байқаулары және биік ғимараттардағы өртті сөндіру бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді.
Сонымен қатар, өңірдің құтқару құрамалары адасқан аңшыларды іздеу бойынша практикалық тапсырманы пысықтады. Жоспар бойынша үш адамнан тұратын аңшылар тобы Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылынан аң аулауға шығып, қатты қар мен бұрқасын салдарынан бағдарын жоғалтты. Аңшылардың бірі пана тауып, орналасқан жерінің координаттарын «112» кезекшісіне хабарлады. Қалған екі аңшы жақын маңдағы елді мекендерді өз бетінше табуға тырысып, бөлініп, жоғалып кетті.
Үш бағыт бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін кинологиялық есептеумен «Трэкол», «Вея» және «Ужгур» жоғары өтімді техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ іздеу аймағына ауадан барлау үшін ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жіберілді.