Құтқарушылар мұз астынан балық аулау әуесқойларына қысқы су айдындарының қауіптілігін түсіндіреді, балықшыларға жадынамалар таратып, оларды судағы орын алған қайғылы оқиғалар туралы хабардар етеді.
Аталмыш түсіндіру жұмыстары әсіресе демалыс күндері күшейтіледі, себебі осы күндері балықшылар жаппай мұзға шығады.
Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қатысты тұрғындар мен балықшылардың өздері де оң пікірлерін білдіріп, алғыстарын айтуда.
«ТЖ қызметкерлеріне үлкен рахмет, олар су айдынындағы қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратты. Маған да төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін айтып берді. Федоров су қоймасында бақылау жұмыстары үшін үлкен рахмет айтқым келеді. Мен онда қыста және жазда жиі балық аулаймын. Жазда қайықпен жүзіп, балық аулауға шыққанда құтқарушылар әрдайым келеді, кеудешенің бар-жоғын тексереді, көңіл-күйдің қалай екенін сұрайды және күнге қызып кетпеуді ескертеді. Қысқы мерзімде қауіпсіздік туралы жаднамалар таратылады. Ең бастысы, мен жеке өзім су қоймасына батып кеткен адамға алғашқы көмек көрсеткенінің куәсі болдым. Жігіттер - өз ісінің кәсіпқойлары. Біз туралы алаңдаушылық білдіргендеріңізге үлкен рахмет», - деп жазған балықшылардың бірі Instagram-дағы ТЖД-ның парақшасында.
Ағымдағы қысқы маусымның басынан бері Қарағанды облысында 6 адам құтқарылды, 2 адам қаза тапты, тағы 2 балықшы әлі табылған жоқ. Оқиғаның негізгі себептері - мұзда қауіпсіздік шараларын сақтамау.
«Түнгі уақытта балық аулауға жол берілмейді. Дауылды ауа райында және жеке құтқару құралдарынсыз суға шығуға тыйым салынады. Балық аулау кезінде шағын ғана аумақта көп шұңқыр ойып, топ адам жиналуға болмайды. Балық аулаушыға ауа райы, желдің күші мен бағытын білу қажет. Сондай-ақ, әрбір балықшының құтқару құралдары болуы тиіс» деп ескертеді құтқарушылар.