Қарағанды облысында «мегабауырсақ» пісірілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/20 мекемесінің қызметкерлері мен сотталғандар ең үлкен бауырсақ әзірледі.

«Наурыз» мерекесі қарсаңында сотталғандар АК-159/20 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінің әкімшілігіне ең үлкен бауырсақ дайындау ұсынысымен жүгінді. Басшылық пен жеке құрам сотталғандардың идеясын қолдап, дайындау үшін барлық қажетті ингредиенттерді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мегабауырсаққа» қамыр илеуге 8 килограмм ұн, 80 грамм ашытқы, 10 литр күнбағыс майы, тұз және су жұмсалды» деп хабарлады АК-159/20 мекемесінде жазасын өтеуші Әйгерім Айтқұлова.

Қазақтың дәстүрлі бауырсақ тағамы қазанда майда пісіріледі. Мұндай үлкен тағамды дайындау көп қиындық тудырды. Ыстық майға салынған қамыр тек сыртынан қуырылып, ішінен шикі болып қалды. Төрт сәтсіз сынақтан кейін кішкене айлаға баруға тура келді. Сәл жұқалап иленген қамыр металл контейнерге тартылып, үстінен ыстық май құйылды. Алынған жартылай сфера тәріздес піскен нан шикі қамырмен бекітіліп, қайтадан қуырылды. Дәстүрлі тағам ретінде әзірленген «мегабауырсақ» барлық жағынан қуырылған және іші бос болып шықты. Оның диаметрі 120 сантиметр, салмағы үш килограмнан сәл асады.

«Ұлттық тағам дайындау сотталғандарға үй атмосферасын сезінуге және көктемгі «Наурыз» мерекесінің жақындауына мүмкіндік берді», - деді тәрбие бөлімінің бастығы әділет майоры Алтынгүл Мизамбекқызы.

Дайындалған «мегабауырсақ» жеуге жарамды болып шықты, іс-шара соңында кез келген адам оның бір бөлігін бөліп жеп, дәм тата алды.