Қарағанды облысында мемлекеттік рәміздер күні қалай атап өтілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік рәміздер күнін Қарағанды облысының тұрғындары ауқымды атап өтті. Мереке құрметіне өңірде авто-және веложарыстар мен акциялар ұйымдастырылды.

Дәстүрлі түрде облыстың қалалары мен аудандарында мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу Әнұранды бір мезгілде орындаудан басталды. Сағат 11:00-де барлық мемлекеттік мекемелерде, білім беру және мәдениет ұйымдарында қызметкерлер еліміздің Әнұранын орындады.

Қарағандыда Жастар ресурстық орталығының бастамасымен қала көшелерінде жалаушалар, магниттер мен тәтті өнімдер тарату бойынша «Мен Патриотпын» акциясы өткізілді. Қала тұрғындарына сонымен қатар «Қазақстан» шоколады таратылды. Акцияға қалалық штабтың еріктілері, жастар мәслихатының депутаттары және т. б. қатысты.

Қарағандылықтар мемлекеттік рәміздер жайлы қаншалықты жақсы білетінін анықтау мақсатында викториналар да ұйымдастырылды.

«Қазақстан рәміздері — еліміздің әрбір азаматы үшін ерекше құндылық. Қазақстандықтар өз елінің мемлекеттік белгілеріне ерекше қарайды, себебі олар еліміздің өзіндік бірлігі мен бейбітшілігінің, ар-намысының, мақтанышы мен тәуелсіздігінің көрінісіне айналды. Құрметті жерлестер! Қарағанды қаласы жастарының атынан осы мереке күні сіздерге амандық, бақыт, бейбітшілік тілейміз! Біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы гүлдене берсін!» — деп Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Сымбат Әубәкірова қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Шахтинск қаласында және оған іргелес кенттерде мерекеге орай «Менің елімнің рәміздері» және #MenіńTýym акциясы өтті. Тұрғындарға мемлекеттік рәміздердің тарихы, олардың еліміз үшін, сондай-ақ әрбір қазақстандық үшін маңызы мен рөлі туралы айтылды, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыс етілді.

Мәдениет қайраткерлері де шетте қалған жоқ. Барлық мәдениет үйлерінде онлайн-концерттер, балаларға арналған сурет байқаулары өтті. Шаханның орталық алаңында «Туған жерім — мақтанышым менің!» радио бағдарламасы жарияланды.

Сәтбаевта таңертеңнен бастап веложарыс ұйымдастырылып, қалада мерекелік көңіл күй орнады. Шаһар тұрғындарын шараға қатысқан әкім Асқар Ыдырысов құттықтады.

«Веложарыс біздің бірлігіміздің, патриотизмнің, Отанға деген сүйіспеншілігіміздің, салауатты өмір салтымыздың белгісі ретінде мемлекеттік рәміздер күнін қолдау мақсатында өткізіледі және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады», — деп атап өтті Асқар Ыдырысов.

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылында велошеруге 30 әуесқой велосипедші қатысқаны ерекше мәнге ие. Әрбір велосипедтің алдыңғы қанатында Қазақстанның кішкентай туы желбіреді.

Вело- және автошерулер Абай ауданында да өтті. Әр көлік пен велосипед Қазақстан жалауларымен безендірілді.