Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджеттен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттарды тұрақты түрде қадағалап отырады. 2018 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 33 тұлға қылмыстық жауапқа тартылды, соның 11-і түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшылары.
«9 сәуірде Қарқаралы аудандық соты Қарқаралы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысын 6 жылға бас бостандығынан айырды. Ол 2016 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қарқаралының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 52 млн теңге мөлшеріндегі бюджет қаражаттарын жымқыруға қатысқан», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерқанат Есенов.
Биыл қаңтар айынан наурызға дейін 66 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, соның 47-сі сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар болған. Қазіргі кезде 40 қылмыстық іс сотқа берілді.
Ал мемлекеттік бағдарламаларды орындау аясында 11 факт, атап айтқанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша - 3, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бойынша - 1, 2016-2019 жылдарға арналған ғылым-білімді дамыту бағдарламасы бойынша - 2, ал тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша - 5 құқықбұзушылық анықталған.
Облыстық департамент өкілдерінің айтуынша, соның салдарынан мемлекетке жалпы 87,5 млн теңге зиян келтіріліп, соның 78,3 млн теңгесі қайтарылған.
18:17, 10 Мамыр 2018
Қарағанды облысында меморгандардың 11 басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында биыл жыл басынан бері мемлекеттік органдардың 11 басшысы сыбайлас жемқорлық әрекетке барғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.