Қарағанды облысында мейрамханадағы жарылыстан 1 әйел қаза болды

СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында мейрамханада газ баллоны жарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, бүгін сағат 15.50-де Сәтбаев қаласындағы «Әлия» мейрамханасында газ баллоны жарылып, өрт шыққандығы туралы ақпарат түскен. Оқиға салдарынан 52 жастағы әйел көз жұмып, 31 жастағы тағы бір әйелді күйік шалған.

«10 шаршы метр аумақта ас үй жиһазы мен ас үй жабдықтары өртенген. Қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 15.53-те сөндірілді. Оқиғаның алдын ала себебі – тұрмыстық газ құралын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау», - деді ведомстводан.