Қарағанды облысында Наурыз мейрамы қалай тойланады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне орай ауқымды бағдарлама дайындалған. Мерекелік іс-шаралар 14 наурызда басталып, 23-не дейін жалғасады. Концерттер мен мерекелік кештер ғана емес, экологиялық және қайырымдылық акциялар да ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мейрамы қалай тойланатынын Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов айтып берді.

Наурыз мерекесінің басты идеясы – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.

Әр күн жеке тақырыпқа арналған:

14 наурыз – Көрісу күні;

15 наурыз – Аула күні;

16 наурыз – Шежіре күні;

17 наурыз – Тарихқа тағзым күні;

18 наурыз – Игі істер күні;

19 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні;

20 наурыз – Зияткерлік күн;

21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні;

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні;

23 наурыз – Жоралғы күні.

«Облыстың қалалары мен аудандарында негізгі мерекелік шаралар 21-22 наурызда өтеді. Этноауыл орнатылып, театрландырылған қойылымдар, концерттер, спорт жарыстары өтеді. Облыс бойынша 302 киіз үй тігіледі», – деді Еркебұлан Жұмакенов.

Қарағандыда басты мереке 22 наурызда өтеді.

Қала бойынша 31 киіз үй болады: Орталық мәдениет және демалыс саябағында, Достық үйінің, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің, Теміржолшылар мен Жастар мәдениет үйінің жанында.

Орталық саябақтың жағалауында сағат 12:00-де театрландырылған қойылым басталып, концертке ұласады.

Ұлттық спорт түрлерін сүйетіндер үшін жарыстар ұйымдастырылады. Жергілікті қолөнершілер арнайы көрмеде өз өнімдерін ұсынады.

Сол күні Кеншілер мәдениет сарайында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған «Армыстың әз Наурыз!» атты республикалық айтыс өтеді.

Он күн ішінде қалалар мен аудандарда бірқатар іс-шаралар өтеді. Шет ауданында «Біздің көше тұрғындары» тату көршілер байқауы ұйымдастырылады.

Абай ауданында концертте этномәдени бірлестіктер өз қойылымдарын ұсынады.

Саран қаласында «Алтын мұра» хореографиялық өнер фестивалі, Приозерск қаласында құрақ құрау байқауы, Қарқаралы қаласында жерлес сатирик Мартбек Тоқмырзаның 55 жылдығына арналған әзіл-сықақ байқауы өтеді.

Кітапханаларда еңбек әулеттерімен кездесу ұйымдастырылады.

Барлық қалалар мен аудандарда қайырымдылық акциясы өтеді.