Қарағанды облысында өңірлік телерадиокомпания 51 млн. теңгеге сатылады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Жезқазған қалалық «Дидар» телерадио хабар тарату дирекциясы 51 млн теңгеге сатылымға қойылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Қарағанды облысы бойынша барлығы ҚР Үкіметінің 2015 ж. 30.12 №1141 қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес жекешелендіруге 43 ұйым ұсынылды. Кестеге сәйкес 2016 жылы 15 ұйым  сатылуға жатады, оның ішінде «Сарыарқа» ӘКК бір еншілес ұйымы бар», - деді әкімдікте өткен аппараттық мәжілісте мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасының басшысы Мұрат Кәдеков.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес 10 айда 8 ұйым сатылды. Сатудан облыс бюджетіне 75,6 млн теңге түсті. Ең көп түсім облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан түсті. Нысан үшінші сатылымда 42,1 млн теңгеге сатылды, бастапқы құны 161,2 млн теңге болған.

 «Балқашта «Жекпе-жек» спорт клубы үш сатылымда өтпеді. Сондықтан «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 97-бабы 5-тармақшасына сәйкес жойылуға жатады», - деп хабарлады М. Кәдеков.

8 қарашада екі ұйымның саудасы өтеді: Сараниде «Сұңқар» стадионы және Жезқазған қалалық «Дидар» теле радио хабар тарату дирекциясы, -  деді  ол.

Баяндамада айтылғандай өңірлік телерадио компанияның құны 51 млн теңгеге бағалануда, бұл алғашқы сатылым.