Қарағанды облысында осыдан 5 ай бұрын жоғалған екі баланың денесі табылды

ҚАРАҒАНДЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында, кеше, сәуірдің 21-інде Бұқар жырау ауданындағы Красная Нива селосының тұрғындары тоғаннан осыдан бес ай бұрын осы ауылдан жоғалып кеткен екі баланың денесін тапты.

Тоған селодан үш шақырымдай жерде орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қарашаның 9-ында Красная Нива селосында белгісіз жағдайда 9 және 13 жастағы ағайынды екі бала жоғалып кеткен болатын. Құтқарушылар, полицейлер және жергілікті тұрғындар оларды ұзақ уақыт бойы іздеп таппаған еді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша, Красная Нива селосынан 40-45 шақырым радиустың барлығы тексерілген. Полицейлер, балаларды біреулер ұрлап кетуі мүмкін деп пайымдап, «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.