Қарағанды облысында Өзбекстанның 53 азаматы жолда сынып қалған автобустан қауіпсіз жерге көшірілді

None
ҚАРАҒАНДЫ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жол полицейлері жолда сынып қалған автобустың ішінде отырған Өзбекстанның 53 азаматын құтқарды, деп хабарлады облыстық ІІД-нің жол полициясы басқармасынан.

Ведомствоның ақпаратынша, Өзбекстанның 53 азаматы жол жүріп келе жатқан «Сетра» автобусы дизельдік аппаратураның істен шығуына байланысты сапарларын жалғастыра алмады. ТЖ Қарағанды қаласынан 90 шақырым жерде, «Алматы-Екатеринбор» тас жолында орын алды.

«Жол полициясының экипажы жол жиегінде тұрған автобусты байқады. Оның ішінде 53 жолаушы отырды, соның ішінде 1 бала болды. Олардың барлығы - Өзбекстан азаматтары. Автобус астанадан Қарағандыға бағыттаған болатын. Барлық жолаушылар басқа автобусқа отырғызылып, жақын жердегі кемпингке жеткізілді», - делінеді ЖПБ-ның хабарламасында.

Бұдан басқа, жол полицейлері осыған ұқсас жағдайға ұрынған тағы екі шетелдік азаматқа көмектесті. «Қарағандыдан 60 шақырым жерде жол полициясының экипажы жолдың шетінде «Мерседес» автобусын байқады. Оның тұру себебі - дизельдік отынның қатып қалуы. Жүргізушілер ақауларды өздері жоя алмады. Қырғызстан азаматтары болып табылатын екі жүргізуші жақын жердегі кемпингке жеткізілді», - деп хабарлады ЖПБ-нан.