Қарағанды облысында «Покер» ойын бизнесін ұйымдастырған өңір тұрғыны ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «STOP-игра» жедел алдын алу іс-шарасы аясында «Покер» заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған өңір тұрғынының қызметі әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды қаласындағы қонақ үй кешендерінің бірінде жұмыс істеген астыртын покер клубының қызметі әшкереледі. Тінту барысында қолма-қол ақша, ұялы телефондар, покер фишкалары, ойын карталары, покер жиынтығы және «Покер» ойнауға арналған үстел табылып, тәркіленді.

Ұйымдастырушының бастапқы ақшалай мөлшерлемемен қаражат үшін фишкаларды сату арқылы құмар ойындар өткізгені анықталды.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.


Фото: t.me/afm_rk