Қарағанды облысында полицейлер мінген көліктер соқтығысып, екі адам көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында екі көліктің соқтығысуынан жас полицей мен оның зайыбы қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 қыркүйек күні Қарағанды-Жезқазған автожолында Құлайғыр ауылынан 5 шақырым жерде 40 жастағы ер адам тізгіндеген «Аudi» автокөлігі мен 25 жастағы ер адамның басқаруындағы «ВАЗ» көлігі соқтығысқан.

«Жол-көлік апаты салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі – полиция қызметкері мен оның 21 жастағы жолаушысы көз жұмды. 22 жастағы тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жатқызылды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Кейін анықталғандай, жарақат алған жолаушы әйелдің аяғы ауыр. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның және сәбидің өмірін аман алып қалу үшін күресуде.

Сондай-ақ, «Аudi» иесі мен оның екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың бірі облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары. Оқиға кезінде жоғары лауазымды полицей демалыста болған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жол апаты себептері анықталуда.