Қарағанды облысында Сенат депутаттығына 3 адам үміткер

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Еліміздің барлық өңірінде Сенат депутаттарын сайлауға дайындық жүріп жатыр. 13 қаңтар сағат 00:00-ге дейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, кандидаттар сайлаушылар - мәслихат депутаттарымен кездеседі. Түн жарымнан кейін тыныштық күні жарияланады. Қарағанды облысынан ұсынылған кандидаттар жайлы тілшіміз баяндайды.

Қарағанды облысынан Сенат депутаттығына 7 кандидат ұсынылған болатын. Алайда оның тек үшеуі тіркелді. Олар:

Өтешов Серік Балғатайұлы. Кандидатурасын Нұра және Осакаров аудандарының мәслихаттары ұсынды.

С.Өтешов 1962 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген.

Жоғары білімі бар, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында «Дружба» совхозында автогараж слесарі болып бастаған. 1989 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Жезқазған облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеті қаржы бөлімінің бюджет бөлімінің аға экономисі болды. Әр жылдары Жезқазған облыстық қаржы басқармасы басшысының және басшы орынбасарының міндетін атқарған.

Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы болды.

Жезқазған облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ Қарағанды облыстық қаржы басқармасында басшылық қызметтер атқарды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды.

2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін – Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы.

Шатохина Татьяна Николаевна. Өзін-өзі ұсынған.

Татьяна Шатохина 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

Үш жоғары білімі бар: 1993 жылы Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ді; 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың Ұлттық жоғары мектебін; 2015 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Қарағанды педагогика институтының психология кафедрасында зертханашы болып бастаған.

Қарағанды қаласы Совет ауданы ҚІЖК «Мамандық таңдау негіздері» курсының оқытушысы; Қарағанды қаласы Киров аудандық әкімшілігінің ішкі саясат жөніндегі бас маманы, әлеуметтік қорғау жөніндегі маман; Қарағанды қаласы Киров ауданы мәдениет, спорт және жастар комитеті төрағасының орынбасары; Қарағанды қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі; Мемлекеттік қызметшілер мен білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау облыстық институтының Мемлекеттік басқару кафедрасының меңгеруші – проректоры; Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттырудың өңірлік орталығы» КМҚК директоры; Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының әкімі.

2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін - «Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары.

Әбілов Мұрат Смағұлұлы. Өзін-өзі ұсынған.

Мұрат Әбілов 1959 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1982 жылы Теміртау ішкі істер бөлімі тергеушісінің міндетін атқарудан бастаған.

Қарағанды облысы Металлургия ауданы прокуратурасының тергеушісі; Қарағанды облысы прокуратурасының аға тергеушісі; Қарағанды облысы Нұра аудандық сотының судьясы; Қарағанды облысы Нұра аудандық сотының және Қарағанды қаласы Киров аудандық сотының төрағасы; Қарағанды облысы Әділет басқармасының бастығы; Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары; ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары; Қарағанды облысы бойынша Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары; Қарағанды облысы және Астана қаласы Әділет департаментінің бастығы.

2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін – Қарағанды облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға белгіленді.

Сенатты қалыптастыру тәртібі ҚР Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Астанадан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттарының жасырын дауыс беруімен сайланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте, олардың тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.