Қарағанды облысында су тасқыны жол бөлігі мен көпір тірегін шайып кетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды өңірінде су тасқыны республикалық маңызы бар жол бөлігін және облыстық маңызы бар автожол көпірінің тірегін шайып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Одан бөлек, еріген қар сулары 3,5 шақырымнан асатын республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының 26 учаскесін және екі темір жол учаскелерін басып қалды.

 «Су ағыны Шет ауданындағы республикалық маңызы бар Ақшатау-Қызылорда-Павлодар автожол бөлігін және Қарқаралы ауданындағы жергілікті маңызы бар Ынталы-Бесоба жол бөлігін шайып кеткен. Сонымен бірге, облыстық маңызы бар Жаман-Сарысу өзені арқылы өтетін Ақсу-Аюлы-Қайрақты-Ағадыр-Мойынты жолының көпірі бұзылды», - деп хабарлады ТЖ департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Қуаныш Мұталлапов.

«Жаман-Сарысу өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Көктенкөл ауылынан бір жарым шақырымда орналасқан Дальняя бөгетінің толып кету қаупі туындады. Су бөгетінде жарылысты болдырмау үшін әкімдік пен ТЖ департамент бөлімшелерінің күштері бөгетке қапшықтарды үйді және автоматтық суағар арнасы кеңейтілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бөгет жарылысы қаупі сейілді», - деді Қуаныш Мұталлапов.

Елді мекендерді еріген қар суынан қорғау мақсатында 2,3 шақырым топырақ төселді,  шамамен 9 мың қапшық толтырылып, бөгетке қойылды, 700 текше метр су ағызылды. Апатты-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу кезінде облыс бойынша 600-ден астам жеке құрам, 135 дана техника, 6 су тартатын құрылғылар жұмылдырылды.