Облыстық ішкі саясат басқармасынан хабарлағандай, жәрмеңкеде өз тауарларын сауда үйлері, жиһаз фабрикалары және цехтар, жеке кәсіпкерлер - барлығы 16 қатысушы сауда-сатыққа шығарған.
«Тұрмыстық техника, жиһаз, құрылыс материалдары, тоқыма бұйымдары сатылып жатыр. Жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың барлығы 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатылуда. Бұдан басқа, тұрғындар тауарларды несиеге алу мүмкіндігін алып отыр - жәрмеңкеге үш банк қатысты», - делінген хабарламада.
Тасқын салдарынан зардап шеккендерге цемент тегін беріліп отыр.
Ғ.Мұстафин кентіндегі жәрмеңкенің өту барысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев танысып өтті.
«12-15 мамыр күндері аралығында тасқын салдарынан зардап шеккен азаматтарға облыстық бюджеттен, облыс әкімдігі қорынан өтемақылар төленді. Осындай жәрмеңкелер табиғи апаттан зардап шеккен барлық кенттер мен қалаларда өткізіледі», - деп қосып өтті ішкі саясат басқармасынан.
Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысында болған тасқын салдарынан азаматтардың мүлкіне келтірілген шығын сомасы 500 млн.-нан астам теңгеге бағаланды. Өтініш берген зардап шегушілердің 60 пайызы Бұқар жырау ауданында.
Өтемақыларды төлеу Үкіметтің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге зиянды (нұқсанды) өтеу ережелеріне сәйкес өткізіледі. Шығынды өтеу қаражаты облыс әкімдігінің 1 млрд. теңгені құрайтын қорынан бөлінген.
Облыс бойынша тасқын салдарынан апаттық немесе бұзуға жатқызылған 400 үй бар. Тасқын салдарын жою процесіне басшылық жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Дүйсебаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте 1 маусымға дейін апаттық үйлерді бұзып, жаңа баспананың құрылысын бастауға тапсырма берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында тасқын кезеңінде 51 елді мекен су басу аймағына кіріп, ондағы 2107 үй су астында қалды. Бұқар жырау ауданындағы Ғ.Мұстафин атындағы кенті мен Нұра стансасында 148 үй апаттық және бұзуға жатқызылатын болып танылды. Олар тұрған жерде жаңа үйлер салынады.
Тасқын салдарынан шағын және орта бизнестің 48 субъектісі зардап шеккен.