Қарағанды облысында тергеуші 800 мың теңге пара алған

ҚАРАҒАНДЫ. 29 шілде. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Абай аудандық ІІБ Топар полиция бөлімінің тергеушісі қамауға алынды.

Ол 800 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда. Бұл туралы облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Шілде айының басында Қарағанды облыстық қаржы полициясы департаментіне Топар кентінің тұрғыны Абай аудандық ІІБ Топар полиция бөлімінің тергеушісі Талғат Асан екі азаматтан жақын туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен арашалап қалу үшін ақша бопсалағаны жайында арызымен жүгінген. Тәртіп сақшысы пара алу кезінде ұсталды. Оның үстінен пара алу бойынша 2 қылмыстық іс (ҚР ҚК 311 бабы 2 бөлігі, ҚР ҚК 311 бабы 4 бөлігі «г» тармағы) қозғалды», - делінген хабарламада.

Тергеу болжамы бойынша, полиция бөлімінің тергеушісі өзінің қызметтік кабинетінде қылмыстық іс қозғамау және қамауға алу түріндегі жазалау шарасын қолданбау үшін 500 мың теңге қаржы алған. Ақшаға құныққан ол Қарағанды қаласындағы сауда үйлерінің бірінде 300 мың теңге көлемінде пара алу кезінде қолға түсті.

«23 шілде күні тергеуші Т.Асанға пара алды деген айып тағылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қылмыстық іс тергелуде», - деп атап өтілген баспасөз хабарламасында.