Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы едәуір азайып отыр
«2010 жылдың сегіз айында Қарағанды облысында жалпы ауданы 181,4 мың шаршы метрдің 1420 пәтері пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегімен салыстырғанда 39,3 пайызға аз», - делінген статистика басқармасының ақпарында.
Аймақ пайдалануға берілген баспананың ауқымы бойынша республикада жетінші орында тұр, республикалық көрсеткіштің 4,9 пайызы - Қарағанды облысының үлесі.
Талдаулар көрсетіп отырғандай, облыста ең көп тұрғын үй - 47,7 пайыз - Қарағандыда салынған. Екінші орында - 8,3 пайыз көрсеткішпен Теміртау, үшінші орында -6,6 пайыз көрсеткішпен Саран қаласы тұр.
2010 жылдың қаңтар-тамыз айларында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ең көп бөлігі - 131,2 мың шаршы метрі немесе жалпы көрсеткіштің 72,3 пайызы - жекеменшік құрылыс салушылардың үлесі. Ал кәсіпорындар мен жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген тұрғын үйлердің ауқымы, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, сәйкесінше 46,3 пайызға және 36,2 пайызға азайды. Заңды тұлғалар тұрғын үйлерді негізінен республикалық бюджеттің қаржысына салуда (46,6 пайыз).
Басқарманың ақпараты бойынша, тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің орташа құны 41,5 мың теңгені құрап отыр.