Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысының жобалары жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысы көлемдері бойынша өңірлік үйлеспеушілік байқалып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті.

 «Тұрғын үй құрылысы еліміздің барлығы дерлік өңірлерінде жүргізіліп жатыр, алайда  құрылыс көлемдерінің өңірлік диспропорциясы байқалып отыр. Келісімшарттар көлемі бойынша көшбасшылық орындарды Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстары иеленуде. 2016 жылғы  ақпанда Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған алғашқы 7 үй Қызылордада ағымдағы жылғы қазанда тапсырылады деп жоспарлануда. Бұл ретте Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысының жобалары жоқ. Әкімдікте құрылыс салушылармен жұмыс жиналыстары өткізілді және 1,7 млрд. теңге сомасына меморандумға қол қойылды. Құрылыс салушы құжаттарды рәсімдеуде»,-деді Е. Досаев.

Мұнымен қоса, Астана қаласында да жобалар жоқ көрінеді. Өйткені Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, елордада тұрғын үй салу кезінде  паркингтердің құрылысын жүзеге асыру талап етіледі.

«Құрылыс бағасының төмен болуына байланысты (1 ш.м. үшін 200 мың теңгеге дейін) құрылыс салушылар тарапынан қызығушылық болмады. Әкімдікте құрылыс компанияларымен бірнеше мәрте жұмыс жиналыстары өткізілді және 9,6 млрд. теңгеге меморандумға қол қойылды»,-деді ол.

 Белгілі болғандай, әкімдікпен тиісті келіссөздер жүргізілгеннен кейін паркингтерді құрылыс салушылардың өздері коммерциялық сату құқығымен тұрғын үй кешендері салу орындылығы туралы ұсынысты қарау ұсынылады.

«Бөлінген қаражатты  алғашқы пайдаланғаннан кейін,  Тұрғын үй құрылысжинақ банкі салымшыларының қажеттіліктеріне негізделіп, өңірлер бойынша  тұрғын үй көлемдерін қайта бөлу жоспарлануда. Банкте дайын жинақтары бар салымшылардың 50 пайызынан астамы Астана және Алматы қалаларында шоғырланған»,-деді Е. Досаев.