Қарағанды облысында тұрғын үйде болған өрттен алты адам көз жұмды

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында тұрғын үйде болған өрттен алты адам көз жұмды. Үш адам ауырлығы орташа түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ өрт сөндірушілер 10 адамды құтқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«16 желтоқсан күні сағат 01:51-де Теміртау қаласының Ақтау кентіндегі (жақын жердегі өрт сөндіру бөлімінен 27 шақырым жерде) 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жеткенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 жылы туған ұлдар, 1983, 1991 жылы туған әйелдер, 1991 жылы туған ер адам) кіреберістен көшеге алып шыққан. Зардап шеккен адамдар жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өздігінен эвакуацияланбақ болған.
Баспалдақ алаңы жанбаған, алайда түтіннің көп мөлшердегі концентрациясы салдарынан тұрғындар далаға шығып үлгермеген», - деп хабарлады ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.


Кейіннен барлау және жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында алтыншы адамның (1977 жылы туған ер адам) денесі табылды. Үш адам ауырлығы орташа түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды.
«Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеуде. Өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: Қарағанды ​​облысы ТЖД баспасөз қызметі