Қарағанды облысында үш айда 5,5 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды полицейлері «Учаске» жедел алдын алу шарасы барысында бес мыңнан астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы 7 қыркүйектен бастап жүргізілуде. Оның негізгі міндеті – қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, қылмыстың жолын кесу және ашу, халықпен сенімді қарым-қатынас орнату. Аталған шара аясында полицейлер аулаларды және пәтерлерді аралап, базарларды, саяжай массивтерін, құрылыс нысандарын тексереді. Біздің қызметкерлер азаматтық қару иелерін, сондай-ақ есепте тұрған адамдарды тексеруге, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтауға ерекше назар аударады», - дейді Қарағанды қаласы ПБ бастығы полиция полковнигі Думан Қожахметов.

5 қарашада полицейлер түрлі құқық бұзушылық үшін 5520 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 600 адам ҚР-да тіркеусіз немесе құжатсыз тұрады. Барлық дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 8 мыңнан астам азаматты тексерді, тұрғылықты жері жоқ 200-ден астам адам ұсталды.

Олар 123 мың 211 тұрғын үй алаптарын аралап, 3021 азаматтық қару иесін тексерді.