Қарағанды облысында үш қаладағы бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларының 1-5 сынып оқушылары қашықтан білім алу форматына ауыстырылады. Бұл шаралар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынысымен қабылданып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім алушылар мен тәрбиеленушілер және білім беру қызметкерлері арасында коронавирустық инфекция ауруының өсуіне жол бермеу мақсатында және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұсынымы негізінде 2021 жылғы 26 сәуір мен 10 мамыр аралығында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларының 1-5 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады, 9-11 сыныптар штаттық режимде оқиды», - деп хабарлады Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ведомствода Жезқазған қаласының 4 ауылдық мектебі штаттық режимде оқуын жалғастыратыны туралы мәлім етті. Облыстың басқа өңірлерінде оқыту бұрынғы режимде өтуде.