Қарағанды облысында вакцина алғандар саны бойынша көш бастағандар белгілі болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында COVID-19-ға қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. Аймақта тұрғындарды иммундау бойынша Приозёрск, Қаражал және Қарқаралы аудандары көш бастап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Приозёрск қаласында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 6 153 адам егілді, екіншісімен – 4 940 адам. Қаражалда (соның ішінде Жәйрем кентінде) 9 132 – бірінші және 8 303 – екінші компонент алды.

Қарқаралы ауданында бірінші компонентпен 12 774 тұрғын, екінші компонентпен – 10 653 адам вакцина салдырған.

«Қарқаралы ауданында вакцинация сәуір айында басталды. Бастапқыда тұрғындар вакцина алуға асықпады. Сондықтан мен халықпен кездесулер ұйымдастырдым, онда коронавирустың қауіптілігі, өткен жылы қандай қиындықтарға тап болғанымыз туралы айттым. Біртіндеп адамдар вакцинациялана бастады. Бүгінгі күні бірінші компонентке ауданның ересек халқының 87%-ы егілді», – дейді аудандық аурухана директорының орынбасары Назира

Ыдырысова.

Қарқаралы ауданында екі вакцинация пункті жұмыс істейді – орталық аудандық ауруханада және Егіндібұлақ ауылдық учаскелік ауруханасында. Олар жаңа мұздатқыштармен жабдықталған. Сондай-ақ, ауданда төрт көшпелі мобильді бригада жұмыс істейді.

«Бүгінгі таңда COVID-19-бен стационарда 15 адам жатыр. Олардың барлығы вакцинацияланбаған. Иммундалғандардың арасында инфекция жағдайлары да тіркелген, бірақ оларда коронавирус жеңіл өтуде», – деп қосты Назира Ыдырысова.

Қарағанды облысында 29 қыркүйектегі жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін - 520 078, екіншісін 460 242 адам алды.