Кешенде жаттығу залы, күрес, волейбол, баскетбол және шағын футболға арналған залдар, сондай-ақ 320 орындық көрермен залы бар
Күн сайын жаңа нысанда 600 адамға дейін жаттыға алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үстел теннисі, жеңіл атлетика және волейболмен шұғылдануға жағдай жасалған.
Спорттық кешеннің ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Олимпиада чемпионы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Серік Сәпиев қатысты.
«Абайлықтардың ерекше мақтанар саласы қандай? Әрине, спорттық жетістіктері. Өткен жылы біз Абай қаласында бассейн салдық. Енді міне жаңа ДСК ашып жатырмыз. Кесте бойынша бұл нысан желтоқсан айында ғана салынып бітуі тиіс еді. Алайда қала тұрғындары оның ашылуын тағатсыздана күтіп жүргенін ескеріп, біз құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға тырыстық. Бұл жерде жаңа чемпиондар даярланады деп үміттенеміз», - деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі сыйлық ретінде топарлық (кент) әйелдер воллейбол командасына және «Жігер» стадионының футбол командасына спорт жабдықтары жиынтығын тарту етті.
Серік Сәпиев те жерлестерін жаңа денешынықтыру кешенінің ашылуымен құттықтады.
«Осындай үлкен, әсем спорттық нысандар жастарды спортпен айналысуға ынталандыратынына сенімдімін. Кезінде мен спорттық мектеп ретінде қайта жабдықталған қарапайым орта мектепте оқығанмын. Қазіргі таңда спорт саласы жақсы дамып, жақсарып жатқанына өте қуаныштымын. Балаларға кең, замануи залдарда жаттығуға мүмкіндік беріліп отыр», - деп атап өтті ол.
Жаңа кешеннің жаттықтырушылар штабы қазірдің өзінде толық құрылған. Мұнда 20 бапкер мен 30 техникалық және әкімшілік қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта жаңа ғимаратқа баратын автобус бағыты да іске қосылады.