Қарағанды облысында жас кәсіпкер мемлекеттік грантқа ауылдан кинозал ашты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны аудан орталығында кинозал ашты. Осылайша жас кәсіпкер ауыл тұрғындарына бос уақытын көңілді өткізуге жағдай жасамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саламат Икен туған ауылы Жаңаарқа ауданында кинозал ашты. Онда жергілікті тұрғындар фильм тамашалап қана қоймай, дәмді тамақтана алады.

25 жастағы кәсіпкер «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті. Қажетті білім алған жас жігіт жергілікті тұрғындар үшін тәтті гүл шоқтарын шығара бастады.

Алайда, ауылда шоколад гүлдері мен басқа да кондитерлік тағамдарға деген сұраныс тек мереке күндерінде ғана болады, сондықтан Саламат кинокафе ашуға шешім қабылдаған.

«Бизнес-жоспар жасап, аудан әкімінің грантына өтінім бердім. Байқаудан өтіп, 500 мың теңге алдым. Өз қаражатымды қосып, проектор мен басқа да қажетті жабдықты сатып алдым. Кинокафе ғимаратын досым Әлібекпен бірге жалға аламыз. Мен келушілерге фильм көрсетемін, ал досым оларды тамақтандырады», – дейді кәсіпкер.

Кинокафе жақында ашылғанына қарамастан, тұрғындар арасында өте танымал.

«Кино көру үшін бізге балалар да, ересектер де келеді. Болашақта екінші зал ашамыз деген ой бар. Мен өзіме көмекші алуды жоспарлап отырмын», – дейді Саламат.