Қарағанды облысында «жасыл» энергетиканың қуаты 230 мегаваттқа жетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өңірде төрт күн электр станциясы жұмыс істейді және жаңа нысандар салу жоспарланған. Бұл секторды дамыту туралы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов онлайн режимдегі аппараттық кеңесте айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қарағанды облысында жалпы қуаты 200 МВт болатын төрт күн электр станциясы жұмыс істейді. Жобалар Саран, Ақтоғай ауданының Гүлшат кентінде, Шет ауданының Ағадыр ауылында, Жезқазғанда және Кеңгір кентінде іске қосылды. Сонымен қатар, Абай және Бұқар жырау аудандарында екі биогаз станциясы және Ынтымақ су қоймасында шағын су электр станциясы жұмыс істейді. Облыс бойынша жаңартылатын және баламалы энергетиканың жалпы қуаты - 227,97 МВт», - деп хабарлады баяндамашы.

Бұл жобаларды жүзеге асыруға 102 млрд теңге инвестицияланған.

Басқарма басшысының айтуынша, шетелдік және отандық инвесторлар «жасыл» энергетиканы дамытуға мүдделі. Жаңартылатын энергия көздері қуатын арттыру жоспарда бар.

Балқашта, «Қоңырат» шағын ауданының маңында қуаты 100 МВт күн электр станциясы салынуда. Нысанды биыл іске қосу жоспарланып отыр.

Саран қаласында чех инвесторлары жаңа нысан - қуаты 100 МВт және одан жоғары жинақтауыштары бар гибридті күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін 18 га жер телімі бөлінді.

Кеңгір стансасының қуатын арттыру жоспарлануда.

Отандық инвестор Ақтоғай ауданында, Тораңғалық ауылының маңында жел электр станциясын және Жезқазғанда биоэлектр станциясын салуға ниетті.

«Біз ЖЭК қуатының айтарлықтай өсімін көріп отырмыз. 2020 жылы өндіріс 2019 жылмен салыстырғанда 77%-ға өсті. Бізде бірінші кезекте күн энергетикасы бойынша үлкен әлеует бар. Жаңа жобаларды қолдауға дайынбыз. Оларды жүзеге асыру инвестиция мен жаңа жұмыс орындарын ашады», - деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.