Қарағанды облысында жолды жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау енгізіледі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 2017 жылы Қарағанды облысында көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы қолданыстағы 470 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 27 млрд. теңге жоспарланған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017 жылы Қарағанды облысында көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 27 млрд. теңге жоспарланған. Жалпы қолданыстағы 470 шақырымдық автомобиль жолы жөнделеді. Облыстық бағдарламаға сәйкес, республикалық маңызы бар тас жолдың 252 шақырымы қамтылып, соның ішінде 15 шақырымы - қайта қалпына келтіріледі. Облыстық маңызы бар жолдар бойынша үш көпірдің қайта қалпына келтірілу жұмыстары жалғасады, күрделі және орташа жөндеуден 28 шақырымы өтеді», - деп мәлімдеді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаров аппараттық жиналыста.

Нысаналы трансферт бойынша Қарағандыда ауқымды жұмыстар жоспарланған. 2017 жылы облыс орталығындағы жолдарды жөндеуге 3,8 млрд. теңге бөлінген. «27 нысан, соның ішінде 21-і - Октябрь ауданындағы: Майқұдық, Пришахтинск және Сортировка елді мекендердегі автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Мұндай шешім тұрғындардан келген шағымдар санын азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Санаубаров.

Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы тас жолдар да жөндеуден өтеді.

Өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков жол жөндеу барысында қоғамдық бақылау тетігін енгізу қажет деп есептейді.