Қарағанды облысында жұмыртқа өндірісі қарқын алады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бұқар жырау ауданындағы өткен жылы жұмысын қайта бастаған құс фабрикасын жаңартуға 1 млрд теңгеден астам қаржы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бұқар жырау ауданы Доскей ауылындағы «Майқұдық жұмыртқалары» құс фабрикасының айналымы артып келеді. Өндірісті жаңғыртуға миллиард теңгеден астам қаржы салынып, кәсіпорын өткен жылы жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев фабрикаға барып, даму жоспарымен танысты.

Өңір басшысына мәлім етілгендей, кәсіпорын Қарағандының сауда желілеріне арзан бағамен жұмыртқа жеткізеді және алдағы уақытта көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өндіріс қуаттылығы – жылына 100 млн дана жұмыртқа және шамамен 600 мың тауық.

Құс фабрикасында жұмыртқаларды тасымалдайтын автоматтандырылған жүйе қолданысқа енгізілген. Ол қолмен жасалатын жұмысты азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Өнеркәсіптік цехтардан жұмыртқалар автоматты транспортер бойынша сұрыптауға түседі.

Балапандар шығару үшін жаңа желілер мен инкубация цехын іске қосу жоспарланған. Кәсіпорында қазір 100 адам жұмыс істейді. Өндірісті кеңейту қосымша жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.


Фото: gov.kz