Қарағанды облысында жыл басынан бері 28 мал ұрлығы тіркелді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 24 ақпаннан бастап, Қарағанды облысы аумағында «Мал ұрлығы» жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізілуде. Осы шара аясында өңірде 35 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының 28 фактісі тіркелді, оның үшеуі ашылды.

Мал ұрлығына байланысты басты проблема жайылымдық жердің аздығымен байланысты болып отыр.

«2019 жылы жасалған 285 мал ұрлығының 212-сі жайылымдарда болған. Көп жағдайда иелері малдарының не ұрланғанын, не жоғалтып алғанын білмейді. Олар алдымен малын өз бетінше іздейді де, полицияға әбден үміті үзілген соң келеді. Осы себепті қылмыстың ізін суытпай ашу қиындай түседі», - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің өкілдері.

Олар келтірген мәліметтерге қарағанда, өткен жылы полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 540 бас малды тауып, иелеріне қайтарған. Полиция көп жағдайда ұрланбаған, жоғалып кеткен малды іздестіруге мәжбүр. Ал бұл жұмыстар көбіне елден шалғай аймақтарда жүргізілетіндіктен көп күш пен ресурс жұмсауды қажет етеді.