«Биыл Ақтоғай ауданына елді мекендерді абаттандыруға, жолдарды жөндеуге қаражат бөлеміз. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді
жалғастырамыз. Шашубайдағы үйлерді қалпына келтіреміз. Бұл ауылда балалар мен спорт алаңдарын саламыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Аудан әкімі Салтанат Әбеуованың айтуынша, Ақши ауылында биыл жаңа су құбырын төсеу жұмыстары аяқталады. Тұрғындар орталық сумен қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, ТКШ мен әлеуметтік салада тағы да бірқатар жобалар белгіленген.
Ақтоғайда кәріз желілері салынып, ветеринарлық пункт аяқталады. Кежек ауылында су құбыры желілері салынуда.
Кездесуде тұрғындарға биылғы жылға арналған жоспарлар туралы да айтылды.
Онда Ақтоғайдағы стадионды қайта жаңарту, орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесі мен Құсақ ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, тоғыз ауылдағы мектептер жөнделеді.
Ақтоғайлықтар электрмен жабдықтау мәселесін көтерді. Бұл мәселені шешу үшін аудан әкімдігі ЖРЭК меншігіне желілерді беру бойынша құжаттарды дайындайды.
Процедура тез жүзеге аспайды, біраз уақытты қажет етеді.
Тұрғын үй және жол саласында да жоспарлар бар. Шашубайда бірнеше бос қалған үйлер бар. Биыл алғашқы бес қабатты ғимарат қалпына келтіріліп, Сарышаған ауылындағы аулалар абаттандырылады. Ақтоғай – Қарағанды жолын кезең-кезеңмен жөндеу басталады.
Облыс әкімі сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған кәсіпкерлер істі дамытуға мемлекеттік гранттар беру туралы өтініш білдірді.
Жергілікті әртістерге концерттер мен байқауларға бару үшін көлік керек – халық ұжымдарының атынан бұл өтінішті аудан тұрғыны Нұрлан Құлшікенов жеткізді.
Жеңіс Қасымбек әрбір өтініш бойынша шешім тауып, пысықтауды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы күрделі жөндеу жүргізілген орталық аудандық аурухананы аралап көрді және құтқарушылардың су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндамасын тыңдады.