«Тұтастай алғанда, есептеу жұмыстары аяқталды. Қазір алдын-ала есептер бойынша, толық бұзылған 42 үй қалпына келтіруге жатпайды. Сарапшылар тобы әлі жұмыс жасауда. Келесі аптаның басында ресми қорытынды шығарылады деп күтілуде. Содан кейін осы үйлер бойынша нақты жұмыстарды пысықтайтын боламыз», - деді Б.Әбдішев Көкпектідегі бұқаралық сенбілікте журналистерге берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ 192 үйді қалпына келтіру үшін жөндеу мүмкіндігіне тексерілді, деп қосты.
Облыс әкімі ведомствоаралық комиссия жұмысы ауқымында бірқатар сараптау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Қазіргі кезде Көкпектіде төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жалғастырылуда. Штаб мәліметтері бойынша 31 наурыздан 5 сәуірге дейін бұл жұмыстарға 3000-нан астам адам, 600 бірлік техника тартылды. Ауылда сумен қамту жүйесі, 3,5 шақырым электр желілері, телефон байланысы қалпына келтірілді. 150 метр жол төсемі, жаяу кісілер жүретін көпір жөнделді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 31 наурызда түнде Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылында бөгеттің бұзылуынан 300-ден астам үй суға кетті. Төтенше жағдай салдарынан 5 адам қаза болды, 12 зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 125 адам құтқарылды.
Қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңгеден материалдық көмек берілді. Төтенше жағдайдан келген залал 1 млрд. теңгеге бағалануда.
Үкімет қаулысымен ТЖ министрі Владимир Божконың төрағалығымен төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайын тексеру үшін ведомствоаралық комиссия құрылды.
Облыстық прокуратураның ақпараты бойынша, төтенше жағдайларға байланысты ҚР ҚК-нің 2-бөлімі 316 бабы бойынша (адам өліміне соқтырған немқұрайдылық); Бұқар жырау ауданы әкімдігінің және ТЖ бөлімінің қызметкерлеріне қатысты; ҚР ҚК 232 бабымен (өз міндеттеріне жауапсыз қарағаны үшін) «Шаңырақ агрофирмасы» ЖШС (бөгет иесі) және «Табиғат ХХІ» ЖШС (су қоймасын жалға алушы) лауазымды тұлғаларына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.