Қарағанды облысындағы тұрғын үй құлайын деп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы көппәтерлі тұрғын үй қирау алдында тұр, деп хабарлайды tv.ekaraganda.kz.

Ақтас кентіндегі екі қабатты ғимаратқа қирау қаупі төніп тұр. Жертөледегі тіреуіш қабырға құлаған. Көппәтерлі үйден 45 адам эвакуацияланды.
Қазір, төтенше жағдай себептері анықталып жатыр.
«Түнгі 12-де гүрсілдеген дыбыс естілді. Көрші пәтерде бірдеме құлағандай болды. Жертөледегі көтеруші қабырған құлаған екен. Келесі күні көршілердің едені төмендей бастады. Қабырғаларға жарықшақ түсті», - дейді сол үйдің тұрғыны Ирина.
Бірінші қабаттағы пәтерлердің еден тақталары жарты метрге төмендеген.

Жылдар бойы жертөлеге су ағып келген, бірақ судың қайдан келгені белгісіз, деп жазады басылым. Үйдегі су құбыры мен кәріз жүйесінде ақау жоқ. Тұрғындардың мәлімдемесінен кейін әкімдік қаңтар айында техника жіберген. Ол кіреберістегі суды екі күн бойы тартып шығарыпты.
Алайда, үй ұзаққа шыдамады. Қирау себептері мен қалпына келтіру мүмкіндіктерін сарапшылар ұйымы анықтайды.
Қарағанды облысының Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Ұлантай Үсенов әр тараптың кінәсі анықталып жатқанын түсіндірді.
Әзірге Саран ТЖ бөлімі үй оқиғасын төтенше деп жариялады. Жергілікті билік сараптама жүргізуге қаражат іздестіруде. Тұжырымдама 10 күннен соң дайын болады.