«Біздің ауылда жуырда ғана көшелерді жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Енді тұрғындар түнде де жарық көшемен жүреді. Ауыл тұрғындары осы мәселенің оң шешімін тапқанына дән риза», - дейді Семіз бұғы кентінің тұрғыны Арман Абдуллин.
Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаевтың айтуынша, көшелерге жарық шамдары ауыл тұрғындарының сұранысымен қойылған.
Бұған аудан бюджетінен 5 миллион теңге мөлшерінде қаражат жұмсалды.
Бұқар жырау, Шалқар, Семіз бұғы ауылдарында жалпы 500-ге жуық тұрғын бар. Ауылдардың әрбірінде бірнеше ондаған тұрғын үй қалған. Елді мекендер аудан орталығы - Ботақара кентінен шығысқа қарай шамамен 80 км қашықтықта орналасқан.