Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары жайында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова баяндады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы екі жылда 92 нысан салынады: дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер. ФАП-тар тез тұрғызылатын ғимараттардың жаңа технологиялары бойынша орындалады, бұл – модульдік құрылыс», - деп хабарлады спикер.
Бибігүл Төлегенова сондай-ақ ауылдық аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған ауданаралық ауруханалардың жобасын ұсынды.
Оларды Балқаш пен Теміртауда жұмыс істеп тұрған көпбейінді ауруханалар базасында құру жоспарланып отыр.
Мамандандырылған бөлімшелерді – инсульт, кардиологиялық, перинаталдық орталықтарды, оңалту, травматология, хирургия бөлімшелерін жабдықтау көзделген.
Бұл ретте мамандандырылған медициналық көмек алу үшін ауыл тұрғындарына облыс орталығына барудың қажеті болмайды.
Сонымен қатар, екі қала да республикалық тас жолда орналасқан. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерді тезірек жеткізіп, шұғыл көмек көрсетуге болады.
Бүгінгі күні облыста 7 орталық аудандық аурухана, 59 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 40 ФАП және 150 медициналық пункт ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Медициналық ұйымдарға күрделі жөндеу және жабдықтарды жаңғырту кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл алты ФАП салу жоспарланған.