Қарағанды облысының әкімі «Казахстанская» шахтасында қаза тапқандардың отбасыларында болды
Аймақ басшысы кенеттен тараған метан газы салдарынан қаза тапқан кеншілердің туысқандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
«Бұл - барлығымызға ортақ қайғы. Біз жақындарыңызды қайтып оралта алмаймыз, алайда сіздерге көмек көрсету үшін барлығын жасаймыз. Сіздер жалғыз емессіздер», - деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі қаза тапқандардың туыстарына ақшалай материалдық көмек көрсетті. «АрселорМиттал Темиртау» компаниясының басшысы Парамжит Калон облыс әкімі мен қаза тапқан азаматтардың отбасыларын ұжымдық келісімшартта қарастырылған барлық міндеттемелерді орындайтындығына сендірді. Бұдан өзге, компания басшылығы асыраушысынан айрылған әр отбасының әлеуметтік жағдайын зерттеп, соның негізінде қосымша қажетті көмек көрсетуге уәде етті.
Айта кетейік, бүгін 31 тамызда таңғы сағат 4-тер шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Казахстанская» шахтасында кенет метан газы тараған. Шахтада бастапқы мәлімет бойынша 136 адам болған. Ал, апатты учаскеде алдын ала дерекке сәйкес 4 адам қалған.
Қазір ҚР ИДМ Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің мамандары оқиға орнында жұмыс істеуде.