Қарағанды облысының әкімі Сәтбаев қаласында қазаға ұшыраған кеншілердің отбасыларына көңіл айтты

None
ҚАРАҒАНДЫ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлетігінің «Степной» руднигінің 64-шахтасында қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Облыс тұрғындарының атынан және өз атымнан кеншілердің туыстары мен жақындарына терең қайғырған сезіммен көңіл айтамын. Осы ауыр күндерде біз сіздермен бірге қайғырамыз және қолдау лебізімізді білдіреміз», - делінген аймақ басшысының Сәтбаев қаласына қайғылы оқиғаға байланысты жолдаған жеделхатында.

С.Ахметов Сәтбаев қаласының әкіміне қаза болғандардың отбасына барынша көмек көрсетуді тапсырды. «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігі әр отбасына 500 мың теңгеден, кәсіподақ ұйымы - 100 мың теңгеден қаржы бөлді. Отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсетілуде», деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Сәтбаев қаласында наурыздың 30-ында «Қазақмыс» корпорациясының «Степной» руднигінің 67-шахтасында мұз қатқан топырақ жынысы құлап, жабынды қиратты. Соның нәтижесінде үш кен жұмысшысы қаза болды. Оқиғаның жай-жапсарын арнайы комиссия тексеруде. Бұл факті бойынша Сәтбаев қаласының ІІБ еңбек қорғау ережелерінің бұзылуы жөнінде қылмыстық іс қозғады.