Қарағанды облысының әкімі сайлауда дауыс берді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауында дауыс берді. Аймақ басшысы таңертең №102 мектеп-гимназиясында орналасқан №42 сайлау учаскесіне келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау комитетінің төрағасы Ләззат Ділмағамбетованың айтуынша, таңғы жетіден бастап мұнда 30 адам дауыс берген. Учаскеде барлығы 2 700 сайлаушы тіркелген. Үйден дауыс беруге үш өтінім келіп түсті.

«Сайлау барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуде, біздің учаскеге ашылғаннан бері 30-дан астам адам келді. Үш адам денсаулығына байланысты дауыс беруге үйінен қатысуға ниет білдірді. Оларға сайлау комитетінің мүшелері сағат 12.00-ден бастап бара бастайды», - деді Ләззат Ділмағамбетова.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша сайлау күрделі жағдайда өтіп жатыр.

«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Облыс бойынша 700-ден астам учаске ашылды, онда әрбір сайлаушы құқықтарын пайдаланып, өз таңдауын жасай алады. Атқарушы органдар тарапынан пандемия жағдайында дауыс беру үшін қауіпсіз санитарлық жағдай жасалған», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Айта кетсек, Қарағанды облысында 778 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау комиссияларының құрамында 5 509 адам бар. 920,4 мың сайлаушы тіркелген. Сайлау процесін халықаралық ұйымдар мен аймақтық қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары қадағалайды. Сайлау учаскелерінде саяси партиялардың 3 мыңға жуық сенімді өкілдері бар.