Қарағанды облысының әкімі Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы бастап келген делегациямен кездесті

ҚАРАҒАНДЫ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында ресми сапармен Словакия Республикасы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Павол Пашка бастап келген аталмыш елдің делегациясы болды.

Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Словакия Республикасы Ұлттық Кеңесінің төрағасымен және делегация мүшелерімен кездесті. Жиында іскерлік ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар шаһарда Словакия Республикасы бизнес-делегациясының және Қарағанды облысындағы 60 кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті.

«Аталмыш келіссөздердің нәтижелерінің бірі екі меморандумға қол қойылу болды. Олардың бірі «Шахтинскжылуэнерго» ЖШС-ның «ФОТОВОЛЬТ Кошице» және IEG «ISTROENERGO GROUP» словакиялық кәсіпорындарымен Шахтинск Жылу электр орталығын қайта қалпына келтіру инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірлескен шаралар жөніндегі ынтымақтастыққа байланысты. Саран қаласы әкімдігі мен «ФОТОВОЛЬТ Кошице» компаниясы арасында мақұлданған меморандум шеңберінде аталмыш қалада қуаттылығы 60МВт фотовольтаикалық электр стансасын салу қарастырылған», - деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметінен.