Қарағанды облысының әкімшілік орталығы жақын уақытта көшірілмейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының басшылығы әкімшілік орталықтың жаңа орынға көшірілуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев жаңа әкімшілік орталық Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс шағынауданында орналасатындығын хабарлады. Айта кетейік, қазір облыстық әкімдік Бұқар Жырау даңғылында орналасқан.

«Әкімшілік орталыққа келетін болсақ, Бас жоспар бойынша көшіру қарастырылған. Бірақ бұл жақын арада болмайды», - деп атап өтті Әбішев тілшілердің берген сауалына.

Еске салсақ, облыс орталығының Бас жоспары 2007 жылы бекітілген. Ол бойынша Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс шағынауданында көппәтерлі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, көрме залдары бар ірі кітапханалар, 5 мың адамға арналған кинотеатр салынады. Сонымен қатар мұнда қаржы даңғылы салынады. Оның бойында банк кеңселері орналасады деп болжануда. Тағы бір көше мейрамханалардың құрылысына бөлінбек. Жекелеген аудандарда қазір коттедждер салынып жатыр.

Бұның алдында Жандос Әбішев жалған лаңкестік үшін 2 жылға сотталған физика мұғалімі Юрий Пакті қолдауға арналған спорттық шараны өткізуге қатысты мәселеге түсінік берген болатын.

Бұған дейін БАҚ беттерінде, Қарағандыда жалған лаңкестік үшін сотталған физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакті қолдау мақсатында 9 қазан күні бұқаралық жүгіріс ұйымдастыру жоспарланғаны хабарланды. Аталған шараны өткізуді достары, оқушылары және ата-аналары бастама етіп көтерген. Акция ұйымдастырушылары осылайша Юрий Пактің кінәсіздігін білдіруді ойластырған.