Қарағанды облысының ауылында бокс залы ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жәйрем кентінде бокс залы ашылды. Спортшылар қуанышты сәтті атап өтіп, жаңа залда 2007-2008 жылы туған балалар арасында Жәйрем кентінің біріншілігін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирге жиналғандар кент басшылығы сыйға тартқан жаттығу залына жоғары баға берді.

Рымғали Мұздыбаев Жәйрем ауылында тұратын 70-ке жуық баланы жаттықтырады. Оның тәрбиеленушілері өте жақсы нәтиже көрсетуде. Мысал ретінде Ұлттық құраманың мүшесі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виолетта Князеваны келтіруге болады.

Тәлімгер мен оның шәкірттері осыған дейін жергілікті мектепте немесе Мәдениет үйінде жаттығып келген. Енді оларда тұрақты түрде дайындалуға мүмкіндік беретін тамаша бокс залы бар. Негізінен мұнда былғары қолғап шеберлері жаттығатын болады. Одан бөлек, балуандар мен спорттық ойын түрлерімен шұғылданатын әуесқойлар үшін жағдай қарастырылған.