Тікелей эфирде өткен брифингіде Е.Нұрлыбаев өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы хабардар етті. Бүгінде ол тұрақты күйінде қалып отыр. Вирусқа қарсы және ыстықты басатын препараттардың қоры үш айдан астам уақытқа жетеді.
«Тәулік сайын КВИ-дің 35-ке жуық жаңа жағдайы анықталады. Біздің облыс «жасыл аймақта« орналасқан. Бүгінде стационарларда 277 пациент емделуде – бұл төсек қорының 6%. COVID-19 ықтимал екінші толқынына дайындық толығымен аяқталды. Біз медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайттық. Реанимациялық бөлімшелерге арналған заманауи жабдықтар, ӨЖЖ, рентген аппараттары сатып алынды. Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск және Қарағанды қалаларында төрт компьютерлік томография кабинеті ашылды. Жақында Балқашта жаңа компьютерлік томограф орнатылады», - деді Ержан Нұрлыбаев.
Облыстың барлық емханаларында, сондай-ақ стационарларда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілердің жеткілікті көлемі бар. Қор үш айдан астам уақытқа жетеді. Дәріханалар үшін стратегиялық қор бар.
«Мереке қарсаңында жерлестер, сіздерге үлкен топтармен жиналмауға және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға кеңес бергім келеді. Қазақстанда 25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін карантиндік шаралар күшейтіледі – ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларға, оның ішінде ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерге тыйым салынады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу керек. Мен бұған түсіністікпен қарауды сұраймын. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтағандарыңызға рахмет», - деді өңірдің бас дәрігері облыс тұрғындарына.