Қарағанды облысының екі ауылында жаңа клубтар ашылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай жаңа ауыл клубтары ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің Бұқар жырау ауылында тұрып жатқаныма 56 жылдың жүзі болды. Ауыл тұрғындары жаңа клубтың ашылатынына қуанып жүр. Себебі бізде мәдени шараларды өткізетін ғимарат болған емес. Ауылдықтарға бос уақытын өткізетін жер керек», - дейді Бұқар жырау ауылының тұрғыны Бейбіт Хасенов.

Ауыл халқының сөзінен белгілі болғандай, бұл өңірде ешқашан клуб болмаған.

Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданының Шалқар елді мекеніндегі ескі клубты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оның ғимаратының әлдеқашан тозығы жеткен.

«Бұқар жырау ауылында үшқабатты мектептің ғимаратында клуб ашылады. Бірінші қабаттың екі корпусында ауылдық клуб пен кітапхана ашамыз. «Компакт и К» жекеменшік компаниясы құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Екі елді мекенде екі клубты ашуға облыстық бюджеттен 46 миллион теңге қаражат бөлінді», - деп жауап берді агенттіктің сауалына Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.

С. Сатаевтың айтуынша, жаңа ауыл клубтары осы жылдың 15 тамызына дейін пайдалануға беріледі. Ашылу салтанаты Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын тойлау қарсаңында өтеді. Бұқар Жырау және Шалқар ауылдарында шамамен 400 адам тұрады. Әр ауылда 50 үйден бар. Көршілес ауылдар аудан орталығы Ботақарадан шығысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан.