Қарағанды облысының Қойбас бөгетіндегі жағдай бақылауға алынды - ТЖД
Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бөгеттің қауіпсіз аймағында ұйымдастырылған екі арна арқылы ағызылатын судың деңгейі бақылауға алынған. Ағызылатын судың көлемі 5-6 м/с құрайды. Ол бір шақырымдай қашықтықта орналасқан Қойбас-2 су қоймасына, әрі қарай Қойбас елді мекеніне бойлай жіберіліп, ағызылуда»,- деп хабарлады облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Ведомствоның берген ақпаратына сәйкес, 11 мамырдағы таңертеңгілік жағдай бойынша Қойбас-1-дегі судың деңгейі 70 см құрады. «Топырағы сырғып кеткен учаскенің көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Қойбас ауылын су басу жағдайы тіркелмеді», - делінген хабарламада.
Құтқарушылар үй шаруашылығын жүргізу үшін үлкендерге күндізгі уақытта үйдерінде болуға рұқсат берді. Түнгі уақытта әлі де қауіпсіздік режімі іске асырылуда.
«Әкімдіктің, Абай ауданы ІІБ құрылымының, облыстық ТЖД-нің күшімен жағдай тәулік бойы бақылауға алынды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 9 мамыр сағат 10.17-де облыстық ТЖД-нің шұғыл кезекшілік бөліміне Абай ауданының Сарепті ауылында орналасқан жасанды Қойбас қоймасында бөгеттің бұзылу қаупі туындағаны жайлы хабар келіп түсті. Қойбас ауылынынан 109 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, олардың 37-сі балалар. Тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін дамбының ортасында топырақтың сусығандығы белгілі болды. Құтқарушылар бұзылуы мүмкін аймаққа су қысымын төмендету үшін судың деңгейін арнайы жылғалармен ағызу арқылы біршама төмендетті.