Қарағанды облысының құтқарушылары бір тәулікте 60-тан астам шақырту алған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 23-24 тамыз аралығында бір тәулікте Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 63 рет құтқару жұмыстарына шықты.

Оның ішінде өрт сөндіру және жану жағдайларына – 58, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге – 5 рет шықты, 2 адам құтқарылды, соның біреуі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай ауданында ауқымды дала өрті жойылды. Сағат 13:57-де Ақбастау ауылдық округіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. 1300 га алаңда құрғақ шөп жанды. Өрт түнде сағат 02:44-те сөндірілді. Оны сөндіруге ТЖ департаментінің, өртке қарсы ерікті құралымдардың, шаруа қожалықтарының, жергілікті атқарушы органдардың 60 адамы мен 16 техникасы жұмылдырылды.

Сондай-ақ, барлық күштермен Жаңаарқа, Ұлытау, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Шет, Абай аудандарында 7 өрт сөндірілді. Жалын 2-ден 48 га-ға дейінгі аумақты шарпыған.

«Құрғақ шөптің жану жағдайлары жазық дала алқаптарында ғана емес сонымен қатар елді мекендер аумағында да болып тұрады. Күн сайын ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері қала аумағындағы шөптер мен қоқыстарды сөндіруге шығады. Оның пайда болуының негізгі себебі - адам факторы. Күн ыстықта ауа құрғап, өрттің тез тұтынуына ықпал етеді, ал жел оттың тез таралу қаупін тудырады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын от жаққанда аса мұқият болуға шақырамыз: сөндірілмеген сіріңке, темекі, шыны сынықтарын және т.б. лақтырмаңыздар. Алауды тек жабдықталған орындарда жағуға болады. Сондай-ақ, отты сөндірмей қалдыруға болмайды. Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздар», - деп тұрғындарға ТЖД қызметкерлері үндеу жолдады.