Қарағанды облысының құтқарушыларына жаңа техниканың кілттері табысталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы ТЖ департаментіне жаңа техника табысталды. Бұл техниканы сатып алуға қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құтқарушыларға жаңа техника мен автомобильдердің кілттерін Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин табыс етті.

«Сіздердің қызметтеріңіз қаншалықты күрделі және қауіпті екенін бәріміз білеміз. Атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте маңызды және қоғамда құрметке лайық. Биыл департаментке жергілікті бюджеттен 9 млн теңге бөлінді, бұл бөлімшелерді 86,6 % техникамен жабдықтауға мүмкіндік берді. Бұл қазірдің өзінде жақсы нәтиже. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы жылдары жабдыққа деген қажеттілікті толығымен жабу үшін 840 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз», – деді Вадим Басин.

2015 жылдан бері Қарағанды облысы ТЖД құзіретіне барлығы 163 авариялық-құтқару, инженерлік және жедел-қызметтік техника түсті.

«Жаңа автомобильдер мен техникаларды – табиғи өрттерді сөндіруге арналған бес тонналық 8 автоцистерна және 10 борттық тіркемені – біз аудандарға таратамыз. Сонымен қатар биыл анықтау қызметтері үшін компьютерлік және ұйымдастыру техникасы сатып алынды. Жергілікті және республикалық бюджеттерден өрт сөндірушілерге арналған 818 жауынгерлік киім жиынтығы сатып алынды», – дейді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Қарқаралы қаласының № 16 өрт сөндіру бөлімі ұзақ уақыт бойы техникаға мұқтаж болды. Қазір ұйымның балансында төрт ЗИЛ мен бір КамАЗ бар.

«Бұл автотехниканы асыға күттік. Бүгін КамАЗ базасында құрастырылған өрт цистернасын алдық. Біздің қарамағымызда Қарқаралы ұлттық қорығы бар, оның аумағы үлкен. Сондай-ақ 24 ауылдық округке қызмет көрсетеміз. Біздің бөлімшеден басқа № 27 тармақ бар. Штат бойынша бізде 23 адам бар», – деді № 16 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Алмас Ибраев.