Қарағанды облысының мектептерінде ақпараттық сауаттылық апталығы өтіп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 1-ақпан күні барлық мектептерде ақпараттық сауаттылық апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарламада сынып сағаттары, шығармашылық жұмыстар, робот құрастыру және бағдарламалаудан сабақтар ұйымдастырылады, бағдарламалаудан олимпиада өтеді. Сондай-ақ апталық аясында оқушылардың танымал блогерлермен онлайн кездесулері де жоспарланған.

Осылайша, ұйымдастырушылар балалардың информатикаға деген қызығушылығын арттырғысы келеді. Оқушыларға күнделікті өмірде ақпараттық технологияларды қолдану және әлеуметтік желідегі мінез-құлық ережелері туралы айтылады.

Қаңтар айынан бастап Қарағанды облысында функционалдық сауаттылықты дамыту бойынша жоба жұмыс істейді. Жуырда өңірде оқу және математикалық сауаттылық апталары өтті. 1-6 ақпан аралығында «Цифрлық әлем» ақпараттық сауаттылық апталығы өтеді.

Сауаттылық апталығы келесі кесте бойынша өтеді:

- құқықтық - 8-13 ақпан;

- физикалық - 15-20 ақпан;

- қаржылық - 22-27 ақпан;

- оқырман - 1-6 наурыз;

- жаратылыстану-ғылыми - 9-13 наурыз;

- тілдік - 12-17 сәуір;

- экологиялық - 19-24 сәуір.

Ұйымдастырушылар - Қарағанды облысының білім басқармасы, Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы.