Қарағанды облысының Нұра ауданында биыл 11 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн кеңесте Нұра ауданының 2021 жылы дамуы туралы айтылды. Ауылдағы өмірді жақсарту үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі атап өтілді.

Өткен жылы Нұра ауданында Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 17 жоба жүзеге асырылды. Бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік берді. Ауылдарда жақсы жолдар көбейіп, су құбыры желісі ретке келтірілуде. Нұра ауданында бассейн құрылысы басталды, нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс. Баршын ауылында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының арқасында жергілікті ауруханада жылу мәселесі шешілді - қазандық күрделі жөндеуден өтті.

«Біраз жұмыс жүргізілді. Аудан тұрғындары мұны бағалайды деп ойлаймын. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бойынша бірқатар жоба жоспарланған. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы ұлғайды. Одан да көп құрылыс салу қажет», - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

2021 жылға арналған жоспарлар туралы аудан әкімі Аян Шалмағанбетов мәлімдеді.

«Ауыл - ел бесігі» бойынша Кертінді ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы қаржыландырылды. Мұзбел ауылында мектеп пен жолдар жөнделеді.

Биыл облыстық бюджет есебінен Нұра - Шахтерское - Пржевальское автожолын қайта жаңарту жоспарланған.

«2020 жылы Нұра кенті мен Ақмешіт ауылындағы су құбыры желісін қайта қалыпқа келтіру аяқталды. Биыл Жанбөбек ауылындағы су құбыры желісін қайта жаңартуға қаражат бөлінді», - деп хабарлады аудан басшысы.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы 6,7% өсіммен 11,2 мың шаршы метр көлемінде жоспарланған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығында жалға берілетін тұрғын үй беру үшін 20 екі пәтерлі үй тапсырылуы тиіс.

Билік спортпен айналысуға жағдай жасауға да көңіл бөледі. Биыл Нұра мен Ахмет ауылында хоккей мен футбол ойнауға арналған корттар ашу көзделіп отыр. Аудан орталығында баскетбол алаңы мен тартан төселген жүгіру жолы салынады.