Қарағанды облысының трассаларында 400-ден астам көлік тұрып қалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран, қатты жел, көрінудің шектелуі) республикалық маңызы бар автожолдардың 11 учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жабылған барлық жол учаскелерінде Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті және жол қызметі қызметкерлерінен құралған 14 бекет қойылды. Автомобиль жолдарына жақын орналасқан жылыту пунктері (кафе, қонақүй) дайындалып, іске қосылды.

Қарағанды облысының бекеттерінде 454 автомобиль жиналып қалды. Оның ішінде 210-ы жүк машина, 242-сі жеңіл және 4-уі қоғамдық көлік.

29 наурыз сағат 19.00-ге дейін 252 адам құтқарылды, оның ішінде 28 бала, 89 адам эвакуацияланды.

7 жылыту пункті жұмылдырылды, онда 75 адам, оның ішінде 9 бала орналастырылды.

Облыста авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Азаматтар төтенше жағдай мәселелері бойынша Қарағанды облыстық ТЖД-ның жедел желі нөміріне хабарласа алады: 8 (7212) 517223.

Бұдан бөлек, мәлім етілгендей, екпінді желден облыста 2 нысанның шатыры бүлінген.

Атап айтқанда, Нұра ауданының Қарой ауылында шамамен 17.00-де Қарой орта мектебінің спорт залы ғимаратының шатыры ұшқан. Сынған шатырдың көлемі - 250 шаршы метр.

Тағы бір оқиға сол ауданда Изенді ауылында тіркелді. 18:10-да ауылдық мәдениет үйінің шатырының бұзылуы орын алды. Сынған шатырдың көлемі - 430 шаршы метр.

Оқиға орнында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.