Қарағанды облысының тұрғыны өз үйінің жертөлесінен қару-жарақ арсеналын тауып алды - ҚР ІІМ

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қарағанды облысының тұрғыны өз үйінің жертөлесінен бүтін бір қару-жарақ арсеналын тауып алды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Қарағанды облысының Жезқазған полиция бөліміне Рыбачий ауылының 53 жастағы тұрғыны өз үйінен қару тапқанын хабарлады. Тексеру кезінде полиция қызметкерлері оның үйіндегі жертөледен Калашников автоматын, жарақат салатын және газды тапаншалар, 600-ден астам патрон мен брондыкеудеше тәркіледі», - деді Қ. Жұманов.

ІІМ-нің баспасөз қызметі бастығының айтуынша, тәркіленген қару арызданушының 28 жастағы ұлына тиесілі болып шыққан.

«Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктіні ұстауға бағытталған шаралар қабылдануда», - деп атап көрсетті ол.